Молдова халқы 70 жыл бұрын ерлік жасаған батырлар есімін еске алып, әлі күнге дейін құрметтейді. Олардың арасында есімдері тарихта мәңгі жазылған қазақстандықтар да аз емес. Мысалы, елдің Новоаннин ауданындағы мектепке отандасымыз Қанаш Қамзиннің есімі берілген. Орталық көшенің атауы да Қамзиннің құрметіне қойылған. Ауылдағылар жауынгердің ерлігін ешқашан ұмытқан емес. Тағы бір қазақ батыры Тәңірберген Қалилахановтың ерлігі тіптен таңғалдырды.
Валерий Белеревич, «Август» іздеу жасағының мүшесі:
- Ұзақ қорғаныс нүктесінде жалғыз қазақ тірі қалған еді. Немістердің оқ-дәрісі таусылып, румындарды сол жерді күзетуге қалдырған. Оларға бірде-бір дотты көзден таса қылмай жою туралы бұйрық беріледі. Бірақ әлгі қазақ бір апта бойы берілмеді. Суы, оғы жоқ, түгі қалмаған еді. Қараңғы түндердің бірінде тасадан шығып, жалғыз өзі 20 румынды пышақтап өлтірді. Олардың қаруын алып, әрі қарай Берлинге дейін жетті деген ақпарат пен оны растайтын құжаттар да бар.
Тәңірберген Қалилаханов шайқастағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және Германия мен Кёнисбергті алғаны үшін марапатталды. Соғыстан кейін туған жері Алматы облысына оралған батырдың дәм-тұзы 2007 жылы 91 жасында таусылған. Ал Молдовада қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін жыл сайын іздеу жасақтары ұйымдастырылады.
Алексей Петрович, Ресейдің тарихи-патриоттық отрядының жетекшісі:
- Алты сарбаздың денесі шұңқыр түбінде қалған көрінеді. Бір сарбаздың бойынан портупея, шыны ыдысы мен газет орамасы табылды. Ол дивизияның соғыс газеті еді. Газетті жайғанымызда гвардия белгішесін көрдік. Бұл белгіше әрбір гвардияшыда болған. Келесі табылған бұйым – «Озат пулеметші» деген төсбелгі. Жауынгердің кім екенін анықтауға бір ілік табылды, бірақ нөмірі болмады. Тағы бір бұйым – Сталинградты қорғағаны үшін алған медалі. Бірақ оның да нөмірі жоқ екен. Ең соңғы болып «Ерлігі үшін» медалі шықты. Осы кезде қалпағымызды көкке лақтырып қуандық, себебі солдаттың кім екенін түсіндік.
«Август» отряды Ресейдің тарихи-патриоттық отряд мүшелерімен, қазақстандық әріптестерімен бірлесіп, ортақ күш-жігермен үлкен жұмыс атқаруда. Яғни Кишинев маңында қайтыс болған сарбаздардың сүйектерін іздеп, оларды Отанына қайтарумен айналысады. Сондай-ақ кейбір мәліметке сәйкес, Кишиневті азат етудегі Яссы-Кишинев ұрысында 13 мың жауынгер қайтыс болған.