Қазақстандық могулшылар ақ Олимпиаданың бірінші квалификациясында сынға түсті

Қазақстандық могулшылар ақ Олимпиаданың бірінші квалификациясында сынға түсті

Бейжіңде өтіп жатқан 24-ші қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық фристайлшы спортшылар жарыс жолына шықты. Әйелдер арасынан алғашқы іріктеу кезеңінде Аяулым Әмренова, Олеся Граур және Анастасия Городок бақ сынады. Ал тәжірибелі спортшымыз Юлия Галышева 5 ақпанда өтетін екінші іріктеу кезеңінде шеберлігін көрсетеді. Алғашқы кезең қорытындысы бойынша Олеся Граур 23-ші, Аяулым Әмренова 16-шы сатыдан көрінді. Ерлер арасында бақ сынаған Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд те үздік ондыққа кіре алмады. Ерлер құрамасының екінші іріктеу кезеңі 6 ақпанда өтеді.

Аяулым Әмренова, Қазақстан құрамасы /фристайлшы/:

- Барлығы жақсы, маған ұнады. Трасса қиындау болды.

Олеся Граур, Қазақстан құрамасы /фристайлшы/:

- Жарыс жолы тегіс. Әлем кубогындағыдан ұзындау болғаны сәл қиындық туғызды. Жалпы барлығы жақсы өтті.

Биылғы ақ Олимпиадада әлемнің төрт мыңға жуық спортшысы 109 медальді сарапқа салады.

Айта кетейік, 4 ақпан күні төртжылдық ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ресми рәсімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Салтанатты шараны тікелей эфирде сағат 18:00-де «Хабар» және «EL ARNA» телеарналарынан тамашалауға болады.