Қазақстан ұлттық саябақтарына туристердің қызығушылығы артып келеді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі 2022 жылы парктерге келушілер қатары 2 миллионға дейін артуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар, дейді мамандар. Себебі, бірінші жарты жылдың өзінде ғана ведомствоның мәліметінше, Бурабай ұлттық саябағына - 550 мың, Шымбұлақ тау курортына - 240 мың, Шарын шатқалына 35 мыңға жуық турист барған. Соңғысы – әлемдегі ең танымал 26 шатқалдың бірі. Мұнда алғаш келген саяхатышлар мыңдаған жылдар бойы түзілген шатқалдың келбетіне тамсана қарайды.
Антонио Янос, мексикалық саяхатшы:
– Табиғаты көркем, халқы қонақжай, қалалары заманауи. Мен бір күнде Швейцарияға, Сахараға және Америкаға барғандай күй кештім. Бір аймақта үш түрлі табиғат көрінісі орналасқан.
Флориан Махео, франциялық саяхатшы:
– Біз көбінесе экотуризмді жоғары бағалаймыз. Сондықтан маған осы жер қатты ұнады. Сіздер табиғи парктерді жақсы сақтағансыздар. Жабайы табиғаттың аясында тұрмыз. Тек фонтан мен орындықтар ғана қаланың бақтарын елестетеді. Францияда мұндай шатқал болса әртүрлі дүкендер ашып, сауданың ортасына айналар еді.
Шарын шатқалында туристік инфрақұрылым жылдан-жылға жақсарып келеді. Келушілердің жайлылығы үшін қоршаған ортаға әсер етпейтін барлық қажетті қондырғылар орнатылған. Бүгінде жоғары сапалы байланыс, интернет, тіпті ауа райын бақылайтын автономды метеостанция да бар. Бүкіл жол бойында ескерту белгілері мен арнайы жабдықталған демалыс орындары орнатылған.
Айжан Молдыбаева, «Qazaq geography» РҚБ менеджері:
– Біздің жоспарымыз бойынша мұнда инфрақұрылымдық қажеттіліктерден өзге де жұмыстар жасалады. Мысалы, туристердің демалуына, түнеуіне арналған экологиялық шатырлар орнатылады. Алтын-Емелде арнайы орындар жасақталған.
«Алтын-Емел» ұлттық табиғи саябағына да келушілер қатары артуда. Жыл басынан бері бұл жерге 10 мыңнан астам адам келген. Мамандардың айтуынша, саяхатшылар бұл жерден Қызыл кітапқа енген қар барысы, сирек кездесетін арқар, қарақұйрық және түрікмен құландарын жиі көреді. Сондай-ақ, Айғайқұм құмы мен Бесшатыр Қорғаны, Шоқан Уәлиханов бұлағы және 800 жылдық ағашы көпшілік арасында танымалдылыққа ие.
Тимур Дүйсекеев, демалушы:
– Биыл біз Павлодар, Семей, Алакөл, Шарын шатқалын, Көлсай көлді көрдік. Қазір біз «Алтын-Емел» ұлттық парктамыз. Менің ойымша, инфрақұрылым өте жақсы.