Салықтық қызметтер «eGov mobile» және банктік қосымшаларға көшіріліп жатыр. Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, дерекқорлар интеграциясы азаматтар мен бизнестің жол машақатын шешіп, шығындарын үнемдейді. Қазір қаржы министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтердің 92% электронды түрде қолжетімді. Бұл орайда биыл 11 айда түскен бар өтініштің 97% астамы қашықтан мақұлданған. Дені салық және кедендік бағыттарға тиесілі. Соңғысына қатысты 10 өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Министрдің дерегінше, 2024 жылға дейін бұл шекаралық бекеттер сандық үлгіге келтірілмек. Жалпы цифрлық трансформация саланың барлық бағыттарын қамтиды. Ол 5 принципке негізделген. Бұл үрдіске енгізілетін жаңа технологиялық шешімдер азаматтар үшін барынша жайлы әрі қолайлы ахуал орнатуды көздейді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру мен цифрландыруды жалғастыратын болады. Бұл әрине, кешенді шараларды іске асырумен байланысты. Біріншіден, тәуекелдерді басқару жүйесінде жасанды интеллект қолдану адами факторды болдырмауға және бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан жасанды интеллекті жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Екіншіден, ірі салық төлеушілердің «Горизонтальді мониторинг» жобасын барынша кеңейту көзделеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов