Мемлекет басшысы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

Мемлекет басшысы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

БОАО Азия форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді. Тараптар ұйым жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелерін жан-жақты қарастырды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ын өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыс процестерін ынталандырудың пәрменді тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Өз кезегінде Чжан Мин ұйымның әлеуетін арттыруға Қазақстан елеулі үлес қосып отырғанын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

– Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит барысын және оның аясында қабылданатын шешімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем бақылап отырады. Білуімше, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары аталған жиынға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасайды.

Чжан Мин, Шанхай ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы:

– Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның үлкен күш-жігер жұмсап жатқанын және Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сіздің ШЫҰ қызметін жетілдіруге айрықша мән беріп отырғаныңызды жоғары бағалаймын. Астана саммитінің сәтті өтетініне сенімдіміз.