Заманауи
технологиялар мен жаңа тәсілдерді ендіру қысқа мерзімде білім беру жүйесін
тиімді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа
көзқарас қажет. Яғни, осы жүйені үздік халықаралық стандарттарға сай
дамыту керек. Елордада өткен Республикалық педагогтар Съезінің ашылу
салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент қатысушыларды мұғалімдер
күнімен құттықтап, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының
айтуынша, педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды
буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз
ету өте маңызды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға
жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға
қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе
көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне
айрықша мән беріп отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрландыру қарқынын жеделдету және жаңа білім ошақтарының құрылысына кәсіпкерлерді тарту мәселелеріне тоқталды. Президенттің айтуынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Сондай-ақ елді-мекендердегі білім саласына ерекше тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мектептерін зияткерлік, сонымен бірге қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде осындай кем дегенде мыңнан астам мектепті қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің бастамаммен
елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық
аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның
арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз.
Кездесу барысында елорда және өңірлердегі оқу ордаларында еңбек ететін ұстаздар сөз сөйлеп, білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында Мемлекет басшысы еліміздің білім саласына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар мұғалімді марапаттап, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыстады.