Отандық денсаулық сақтау саласындағы 50-ге тарта ақпараттық портал «E-Health» жүйесіне біріктіріледі. Бұл туралы салалық ведомство министрінің орынбасары Жандос Бүркітбаев Мәжіліс депутаттарымен кездесуде баяндады.
Оның айтуынша, бұл жүйе биыл әзірленіп, келесі жылы толыққанды іске қосылады. Нәтижесінде дәрігерлердің жұмысы айтарлықтай жеңілдеп, науқастар барлық қызметке «Бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізе алады. Жаңа жүйеде азаматтардың қай емханаға тіркелгені, есепке тұруы, рецептері, ауруханаға жатқызылуы мен тапсырған анализдері туралы мәліметтері жинақталады. Вице-министр отандық медицина саласын оң өзгерістер күтіп тұрғанын жеткізді. Оның ішінде инновациялық технологиялар, электрондық құжат айналымын арттыру бар. Бұл шаралар шығын көлемін қысқартуға жол ашады. Сондай-ақ қазіргі уақытта цифрлық медицинаны дамыту бойынша заң нормаларын бекіту бағытында жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда, телемедицина саласын реттеу, қашықтан қызмет көрсету, мобильді технологияларды қолдану аясын реттейтін нормативті актілер әзірленуде.