Жоғары дәлдіктегі қатерлі ісік диагностикасы: ядролық медицина орталығы ашылады

Қатерлі ісік аурулары белгілерін ерте бастан анықтау! Жақында Қазақстанда заманауи ядролық медицина орталығы ашылмақ. Елордадағы Президенттік емхана жанынан бірегей кешен құрылды. Онда онколог, химик, физик және фармацев сынды  білікті  мамандар жоғары  технологиялық зерттеулер жүргізеді. Терең ғылыми сараптама жұмыстарымен қатар мұнда,  радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектің кеңейтілген түрлерін өндіру көзделіп отыр.  

Индира Тлеулесова, президенттік клиника жанындағы ядролық медицина орталығының циклотронды-өндірістік кешенінің бастығы:

– Бұл шағын фармацевтикалық зауыт десек болады. Елімізде де бүкіл әлемдік фарм саласы сияқты  GMP стандарттары бойынша жұмыс істеу талабы қойылады. Осыған орай біз қазір барлық жобаларымызды осы ережеге сәйкестендіріп жасадық. Яғни, өзімізде әлемдік деңгейдегі бірегей орталық болады.  Енді өзіміз науқастарға 100% қауіпсіз болатын сапалы препараттар шығара алатын деңгейге жеттік. Ондай дәрілердің өндірісі жолға қойылады. Сондай-ақ, ауруды ерте бастан анықтауға мүмкіндік беретін диагностиканың ауқымы кеңейе түседі.  

Ағзаның зардап шеккен жасушаларын анықтау үшін пациенттің тамырына радиофармпрепарат енгізіледі. Бұдан соң науқас компьютерлік томографияға жіберіледі. Орталық мамандарының айтуынша, барлық үрдіс адам ағзасы үшін қауіпсіз және дерттің асқынуына әкеп соқпайды. Дегенмен, бұған көз жеткізу үшін препарат ең алдымен сапаны бақылау кезеңінен өтуі керек.

Әйгерім Әкімжанова, тілші

– Дәл осы зертханада мұнда өндірілетін барлық радиофармпрепараттардың сапасына бақылау жүргізіледі. Тек сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкестігін мұқият тексергеннен кейін ғана оларды емге қолданып, пайдалануға рұқсат етіледі.

Диагностикалық зерттеудегі негізгі препарат - фтордезоксиглюкоза. Алайда, мамандардың айтуынша, ол ісіктердің көптеген түрлерін, мысалы, қуықасты безінің обыры немесе нейроэндокриндік патологияларды анықтай алмайды. Сондықтан мамандар осы сынды өзге де радиофармацевтикалық препараттарды шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, 2026 жылға қарай дәрі-дәрмектің 9 түрін шығару жоспарда бар. Препарат ядролық медицина орталығында орнатылған заманауи диагностикалық қондырғылар сияқты ісіктердің ошақтары мен даму сатысын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Айгүл Сәдуақасова, президенттік клиника жанындағы ядролық медицина орталығының жетекшісі:

– Гибридті жабдықтағы бір рет зерттеуден өту кезінде пациент сканерлеуден, толық дененің компьютерлік томографиясынан және позитронды эмиссиялық томографиядан өтеді. Позитронды эмиссиялық томография дегеніміз не? Біз емделушінің өзінен бөлініп шығатын радиофармацевтикалық препаратты тамыр арқылы саламыз, оны жабдық түсіріп алады. Осылайша аппарат сұйықтықтың жиналуына қарай науқастың қай жерінде немесе жүйенің қайсысында ісік бар екенін анықтай аламыз.  Диагностика, патология осының арқасында ғана жасалады, өйткені жоғары метаболикалық аймақтар анықталады. Жасуша жақсы қоректенетін жерде не қабыну, не онкологиялық процесс жүріп жатқанын көреміз.

Айта кету керек, емханада 2015 жылдан бері онкологиялық ауруларға диагностикалық зерттеулер жүргізіліп келеді. Дегенмен, дүниежүзінде өндіріс пен диагностика қатар жолға қойылған мұндай орталық  санаулы ғана. Соңғы ядролық технологиялардың арқасында онкологиялық тексеруге мұқтаж науқастар саны айтарлықтай артады. Мамандардың айтуынша, мұнда тәулігіне 50-ге жуық адамды тегін тексерістен өткізу жоспарланып отыр.