Ұлттық спорт ұлықталды. Түркістан облысында көшпенділер ойындары өтті. Жастар дәстүрлі спорт түрлерінен жарысқа түсті. Қазақтың ұлттық ойындарының ішіндегі ең қызықтысы – аударыспақ. Атқа қонған кіл мықтылар ішінен ереже бойынша қарсыласын қағып түсіргені жеңімпаз атанады. Сондай-ақ қошқар көтеріп жүлделі орынға ілігуге талпынған жастар да табылды.
Бозкілемде қазақ күресінен күш сынасқан палуандар тартысы ойындардың көркін қыздырды.
Исламбек Ильясқажы, палуан:
- Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан спорт түрі. Қазақ күресі – мың жылдық тарихы бар қазақтың бренді. Осының арқасында ата-бабамыз соғыста да жеңіске жетті деп айта аламын. Негізі самбо, дзюдода күресемін, бірақ қазақ күресі өте қатты ұнайды.
Ауқымды сайыста қазақтың ұлттық тағымынан да дәм татуға болады. Киіз үйде арнайы жайылған дастарханға әжелер кеңесінің мәзірі қойылған. Келген қонақтарға тағамның түрі мен жасау технологиясын көрсетіп, ынтымақ пен бірлікті үлгі етті.
Ақжарқын Бақоразова, ауыл тұрғыны:
- Мұның бәрі татулыққа, ынтымақтастыққа бастап, бір-бірімізбен ара қатынасымыз жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біздің ауданымыз – өте тату-тәтті тұратын ынтымағы жарасқан аудан.
Осылайша көшпенділер ойынын ұйымдастырушылар қазақ халқының мәдениеті мен тарихының маңызды бөлігін сақтап қалуға өз үлестерін қосты. Мұндай шаралар аймаққа туристер тартуға да әсер етеді.