Мәскеуде үш бірдей қазақ ақыны – Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған көрме ашылды. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған экспозицияда ресейлік және қазақстандық кітапханалар қорынан құнды және эксклюзивті басылымдар ұсынылған. Арасында Абай туындыларының алғашқы басылымының түпнұсқасы бар. Ол 1909 жылы Санкт-Петербургте араб әліпбиімен қазақ тілінде басып шығарылған.
Көрме Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасының «Естелік пен бейбітшілік жолдары» атты халықаралық жобасының аясында өтіп жатыр. Жобаның мақсаты – аса маңызды кітапхана қорлары туралы мәлімет жинап, дерекқор құру.
Вадим Дуда, Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры:
- Ленинкада 47 миллионға жуық құжат бар. Олардың басым бөлігін қазақ тіліндегі және қазақстандық басылымдар құрап отыр. Арасында шынымен де өте құнды, сирек кездесетіндері жетерлік. Осылайша, қазақстандық әріптестермен бірігіп, қорымыздағы кітаптарды көпшілік назарына ұсыну туралы шешім қабылдадық.
Баянғали Әлімжанов, жазушы:
- Сапарымыз жалғасады. Ржев қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Ржев майданында қаза болған қазақ жауынгерлері бар. Сол жерде кітапханашылармен кездесу өткізбекпіз. Содан кейін Омбы қаласына барып, жергілікті кітапханасы мен Қазақстан кітапханасымен байланысты нығайту ойда бар.