Ұлттық зергерлік өнер дәстүрлерін сақтаушылар. Көнеден тамыр тартқан кәсіптің технологиясын бұлжытпай жалғап келе жатқан шеберлер отбасы Маңғыстау облысында тұрады. Отағасы Өтепқали Өміров зергерлікпен 30 жылдан бері айналысып келеді. Осы жылдар ішінде ол 200 мыңға жуық жүзік, сырға, шашбау, бойтұмар жасап, екі ұлын да атакәсіпке баулыған. Бүгінде әулет шеберлерінің қолынан шыққан керемет бұйымдардың атағы кеңге тараған. Қазақстаннан бөлек АҚШ пен Еуропадан да тапсырыстар келіп түсуде.
Өтепқали Өміров, зергер:
- Осы істе жүргеніме және балаларды үйреткеніме қуанамын. Көптеген шеберхананы жабдықтадым, жан-жақтан тістелеп құрал-жабдықтар жинадым. Қаншама күнімді, түнімді сарп етіп ата-бабаларымыздың істегенін зерттедім. Тәсілдерімді ойластырдым. Қазір техниканы басқаша дамытудамыз. Әлем даму үстінде. Бұл жұмыста ерік-жігер, төзімділік керек.
Төлеген Өтепқалиұлы, зергер:
- Осы шеберханада дүниеге келдік, темірмен балға соғып өстік. Сол кезден-ақ кім болатынымыз белгілі болды. Әкемнен асқан шебер болуды армандаймын. Зергерлік деген – тек талант емес, таза еңбек, технология. Шеберді шебер қылатын – оның құралы. Мақсатымыз – құнды, бағалы, адам өзінен кейін мұра қылып қалдырып кететін бұйым жасау. Ол 100, 200 жылдық болуы мүмкін.
Ұлттық қолөнер дәстүрлерін заман сұранысымен үйлестіре білген тағы бір шебер – БҚО-да тұратын Үкіжан Танабаева. Ол малдың сүйектерінен кәдесый жасаумен айналысады. Әр бұйымын дайындау кезінде қазақи ырым-тыйымға мән береді. Шебер көбіне кәрі жілік пен асықты пайдаланады екен. «Бұл туындылар арқылы салт-дәстүр мен аңыз-әңгімелерді дәріптеуді көздеймін», – дейді шебер.
Үкіжан Танабаева, шебер:
- Бұл – «кәрі жілік» деп аталатын сүйек. Осы сүйекке сүйене отырып «Береке, байлық, бақыт» атты тұтас бір жоба жасадым. Өткен дәстүрлерді жаңғырту, халқымыздың құндылығы мен мәдениетін сақтау – менің басты мақсатым. Өмір ағашы атты туындым 75 сүйектен, яғни кәрі жіліктен, ал әрбір бұтақ 3 сүйектен және 25 тармақтан тұрады. Қазақтарда 25, 13, 37 сандары киелі екенін білесіздер. Әр шығармада осындай қасиетті мағынаны сақтағым келеді.