Биылғы жылдың 10 айында ғана Маңғыстау облысының туризм саласы рекордтық 500 млрд теңгеге жуық инвестиция тартты. Осылайша өңір еліміздің әлеуетті туристік бағыттарының үздік ондығына кірді. Алдағы 5 жылда мұнда жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 13 жаңа туристік жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл ретте тек жергілікті компаниялардың қатысуымен 2024 жылға дейін 8 жобаны қолданысқа беру көзделіп отыр.
Венера Мұстапаева, Маңғыстау облысының инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы:
- Туризм саласы соңғы жылдары өңірді дамытудың басым бағыттарының біріне айналуда. Егер осыдан 10 жыл бұрын мұнайлы өңір болғандықтан, негізінен «қара алтын» өндіруге күш жұмсалса, қазір өлке мұнаймен қатар туристік индустрияны бағындырып келеді. Нәтиже көңіл көншітерлік. Салаға инвестицияларды тарту – туризмнің негізгі макроэкономикалық көрсеткіші. Бұл орайда ең алдымен ұсынылатын қызметтер мен аймаққа саяхатшылар ағынын арттыру сынды келген туристердің саны ескеріледі. Міне, дәл осы көрсеткіштер өңірдегі жалпы туризмнің дамуын сипаттайды.
Туристердің санына тоқталсақ, Маңғыстау өңіріне бірінші жартыжылдықта 139 мыңға жуық адам келген. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен үш есе көп. Таңғаларлық жағдай емес, өйткені аймақта туризмнің барлық бағытын дамытуға бірдей ден қойылған. Өңірге аяқ басқан саяхатшының әрбірі талғамына сай қалағанын таппай кетпейді. Іскерлік, жағажайлық, экологиялық, мәдени және киелі жерлерге зиярат жасау сынды бағыттардың кез келгенін таңдауға болады.
Венера Мұстапаева, Маңғыстау облысының инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы:
- Туризм инфрақұрылымы қарқынды дами бастады. Жаңадан жолдар төселіп жатыр. Есесіне аймақтың туристік ағыны әлдеқайда арта түсті. Әсіресе жағажайлық бағыт қарқын алып, гольф клубы, сауда орындары бой түзеуде. Биыл Қазақстанда ТМД елдерінде баламасы жоқ ойын-сауық саябағы қолданысқа беріледі. Бірегей нысанда шолу дөңгелегі бар, халықаралық талаптарға толық жауап береді. Адамдардың дені жағажайлық бағытты таңдайды. Алайда киелі мекенге келіп, қасиетті жерлерді тамашалауды қалайтын саяхатшылар қатары да артып келеді.
Киелі орындарға тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік қонақтар да келеді. Олардың арасында Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата және Сұлтан епе сияқты жерасты мешіттері ерекше танымал. Саяхатшылар Босжора, Шерқала тауы және Торыш шарлар алқабы сияқты ерекше орындарды аралауға құмар. Маңғыстау өңірі – таңғажайып мекендер ортасы, жақсыны көрмекке. Бар қызығы мен кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес.