5 шілдеде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі.
Ұлттық мәдениет пен рухани мұраның басты символдарының біріне арналған мереке
2018 жылдан бері тойланып келеді. Ол шілденің бірінші жексенбісіне белгіленген.
Осы күннің қарсаңында бүкіл ел аумағында концерттер, мерекелік іс-шаралар мен
түрлі қойылымдар өтеді. Мерекенің мақсаты - Ұлы даланың бірегей музыкалық
мұрасын сақтау, әрі насихаттау. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл
күннің маңызына тоқталған болатын. Ол Парламент палаталарының бірлескен
отырысында сөйлеген сөзінде домбыра қастерлі ұлттық құндылық ретінде,
Қазақстанның әлемдік аренадағы бірегей брендіне айналуы тиіс екенін мәлімдеді.
Елорда күніне орай ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді
Ал, 6 шілдеде қазақстандықтар Елорда күнін атап өтеді. Биыл
еліміздің бас қаласына 28 жыл толады. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарына
бірегей мерекелік бағдарлама ұсынылады. Оның аясында 200-ден астам іс-шара
жоспарланған. 10 күн бойы концерттер, фестивальдар, театрландырылған
қойылымдар, сайыстар мен экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Салтанатты шара
эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды open-air мерекелік кештерімен
аяқталады. Мәдени бағдарламадан бөлек, елордада жаңа қоғамдық орындар мен қалалық
инфрақұрылым нысандары ашылады.

