Мамандар қазақстандықтарды донорлар қатарына қосылып жиі қан тапсырып тұруға үндейді. Коронавируспен ауыратын азаматтар да бұл игі шараға ат салыса алады. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және салмағы кемінде 50 кг болатын әрбір ересек адам донор бола алады.
Әйгерім Сағамбаева, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы бөлімшесінің меңгерушісі:
- Егер адам алкогольдік ішімдік ішкен болса, ол 48 сағатқа қан тапсырудан босатылады. Ал тұмауға шалдыққандар екі аптаға, ангинамен ауырғандар екі айға дейін, коронавирус екі аптаға, пневмония болса бір айға дейін донор болудан шеттетіледі. Қан тапсыруға мүлдем болмайтын бірқатар қарсы көрсеткіштер де бар. Мәселен жүрек-қантамырлар жүйесінің аурулары, миокардиттер, эндокардиттер немесе сараптама қорытындысына сәйкес гепатит Б,С, ВИЧ, сифилис анықталса.
Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының деректеріне сәйкес, өткен жылы донорлардың басым бөлігін ер адамдар құраған. Бұл шамамен 69%. Қан тапсыратын әйелдердің қатары аздау. Донорлардың дені 30-50 жас аралығындағы адамдар. 13% 50 жастан асқандар құраса, қалған бөлігі 18-30 жас аралығындағы азаматтар.
Ахмет Шілдебай, донор:
- Донорлыққа бірінші рет келіп тұрмын, көптеген адамдар тапсырып жатыр. Қан тапсыру өте пайдалы іс, бір жағынан азаматтық борышым деп есептеймін. Аз да болсын пайдам тисін деген ниетпен келіп отырмын. Барлықтарыңызды қан тапсыруға шақырамын!
Қан тапсыру үрдісі ұзаққа созылмайды. Өзінің жеке уақытының сәл бөлігін бөлу арқылы біреудің өмірін аман сақтап қалуға болады, - дейді мамандар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов