Қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы америкалық «Pfizer» вакцинасын келер жылдың басынан салдыра алады. Бұл жөнінде арнайы брифингте еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Бейінді ведомство басшысының айтуынша, жеткізушімен ақтық келісімшартқа қол қойылған. Сондай-ақ ол екпенің 4 млн дозасы күтілетінін және препаратты сақтау үшін барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Ол үшін қажетті температураны ұстап тұруға мүмкіндік беретін тоңазытқыш камералары сатып алынуда.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Сәйкесінше тоңазыту жүйесі толықтай түзіледі. Жеткізу кезеңінің өзінде Қазақстанның әр өңірінде тоңазыту жүйесі болады. Ол қажетті минус 80 градустық режимге сай болуы керек. Сондықтан керек жағдайдың барлығы жасалады. Екпе пунктері ұйымдастырылды. Принципі ұқсас, тек сақтау температурасының режимі ғана өзгеше. Сондықтан өңірлердің бәрінде қосымша қондырғылар орнатылады.
Министрдің сөзінше, бұл келешекте де вакциналарды бірнеше температура режимінде күтіп ұстаудың көпсатылы механизмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса Алексей Цой қарашаға дейін халықты ревакцинациялау шешімі қабылдануы тиіс екенін айтты. Алдағы аптада ведомствааралық комиссия отырысында қатерлі індетке қарсы қайта иммундау бағдарламасын мақұлдау ұсынысы көтерілмек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов