2025-ші жылдан бастап жеке медициналық кітапшалар беру, есепке алу және жүргізу электронды форматқа көшіріледі. Аталған тетікті енгізу азаматтарға құжатты бірден бірнеше ұйымға ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық уақыт пен қаражатты үнемдеу қамы. Бүгінде 1,6 млн жуық қазақстандықтың санитарлық кітапшасы бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, сондай-ақ биыл бірқатар медициналық анықтаманы қағаз түрінен электронды үлгіге алмастыру жоспарланған. Бұл қатарда еңбекке жарамсыздық парағы, санаторлық-курорттық карта және бала денсаулығы паспорты бар. Құжаттар үшінші қолға азаматтардың келісімімен «еDensaulyq» бөлімінде медициналық деректерге қол жеткізу мүмкіндігі бар «eGov mobile» қосымшасы арқылы беріледі. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап балаға екпе салуға рұқсат беру немесе бас тарту да қашықтан тіркеледі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

