Мал шаруашылығын цифрландыру

Мал шаруашылығын цифрландыру

Қазақстанда малдың жай-күйін анықтайтын смарт шешім ойлап табылды. Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі саладағы цифрлық шешімдерді таныстырды. Отандық смарт-трекер малды мониторингтеу жүйесі. Заманауи технология аграрлық компанияларға төрт түлікті қашықтан бақылап, түрлі аурудан сақтауға мүмкіндік береді. Жүйе тамақтану белсенділігін талдау, жалпы физикалық белсенділік, дене температурасы және жануардың үдеуі мен белсенділігі сынды сенсорларды қамтиды. Сонымен қатар, ол ветеринариялық қызметті цифрландыруға, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар үшін мақсатты қаржыландыру жəне мал шаруашылығын сақтандыру үрдісін сандық үлгіге көшіруге негіз қалайды. Бүгінде жүйе еліміздің үш өңірінде енгізілген. Табын мен логистиканы тиімді басқаруда кәдеге жаратылатын мұндай сенсорларлар бүгінде Нидерланды, Дания жəне Канадада жұмыс істеп тұр. Жаслан Мәдиевтің пікірінше, сандық технологиялар өнімділік пен биоқауіпсіздік деңгейін арттырады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Дəлме-дəл мал шаруашылығын дамыту цифрландырудан кейінгі келесі қадам. Оған малды автоматты азықтандыру, сумен жабдықтау жəне климатты бақылау кіреді. Бұл технология өнімділікті 10-25%-ке дейін арттырады және шығындарды 15%-ке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жасанды интеллекті де қолданылады. Бұл малдың сырқаты мен мінез-құлқын болжауға көмектеседі. Жайылымды бақылау үшін дрондар мен спутниктер қолданылады. Мұндай технологиялар көміртегі ізін азайтуға және өнімнің қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі.

Айта кетейік, Қазақстанда саланы цифрландыру аясында 2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу үрдістері электронды форматқа көшірілуде. Бұл бағыттың ақпараттық жүйелерін біріктіретін Е-АӨК платформасы әзірленуде. Әрбір жануарға жеке номер беріледі. Барлық деректер мен ветеринарлық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервисті пайдалану арқылы уақытын үнемдеп, қатерлер қаупін азайтады. Жалпы қазіргі таңда мал шаруашылығы және ветеринария салаларында 100 тарта мемлекеттік қызмет қолжетімді. Оның жартысынан астамы онлайн режимінде беріледі. Былтыр барлығы 5,9 млн қызмет көрсетілді. 5,1 млн немесе 86 %  қашықтан ұсынылды.

Олжас Бектенов, Қр Премьер-Министрі:

-- Саланы цифрландыру мал өнімдерінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Биыл жүргізіліп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері цифрлық платформаларға интерациялануы керек. Осыған байланысты  ауыл шаруашылығы және цифрлық даму министрліктері жыл соңына дейін жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің қозғалысына қатысты барлық үрдістерді 100% цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, үздіксіз қадағалап отыру жүйесін енгізіп, деректер базаларының барлығын біріңғай цифрлық платформаға интеграциялау керек.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?