Дүниежүзінде маймыл шешегінің жаңа жағдайлары тіркелген елдердің саны артып келеді. Бұған дейін Португалия, Испания, Австралия, Канада, Франция, Германия, Италия, Нидерланды, Швеция, АҚШ және басқа елдерде індеттің өршуі жарияланған болатын. Мысалы, Бельгия пациенттерге 21 күндік міндетті карантин енгізді. Елде маймыл індетін жұқтырудың төрт жағдайы анықталды. Дегенмен байланыста болған адамдарды оқшаулау қажеті жоқ. Тек симптомдарды мұқият бақылау жеткілікті. Ал, Ұлыбритания науқастармен тығыз байланыста болғандарға үш апталық карантин енгізуді ұсынып отыр. Олар кіммен сөйлескенін және қайда барғанын хабарлауы тиіс. Қазіргі уақытта Ұлыбританияда маймыл шешегінің 20 жағдайы расталды. Еске салайық, бұл – маймылдарда кездесетін сирек вирустық ауру. Ол негізінен Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында анықталған. Ауру жақын физикалық байланыс арқылы ғана жұғады. Оның белгілері қызу көтерілуі, бұлшықет ауруы және бөртпе. Ауру әдетте жеңіл өтеді, сондай-ақ, науқас 2-4 аптада жазылып шығады.