Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы айда елімізде коронавирус инфекциясымен ауыру деңгейі 1,7 есеге төмендеген. Стационарлық емдеудегі науқастар саны 2,1 есеге, ал амбулаторлық жағдайда ем қабылдаушылар саны 1,7 есеге азайды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
Ол індетке қарсы вакциналау шараларының оң ықпал етіп отырғанын атап көрсетті. Дегенмен бүгінде әлем бойынша коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы және таралуы да өз әсерін тигізуде. Нұр-Сұлтанда күні кеше COVID-19 диагнозы қойылған науқастың ПТР-сынамасына скрининг жүргізу нәтижесінде үнді штамының «дельта» типі анықталды. Соған сәйкес, елордада карантиндік шаралар күшейтілді.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Коронавирустың бұл штаммы аса қауіпті. Ол науқасты ауруханаға жатқызуды талап етеді және одан өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Бұл басқа штамдарға қарағанда 60% жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан нақты 5 және 6 адам ауру жұқтырады. Қазіргі таңда өзіңізді қорғаудың ең қарапайым тәсілі – вакцина салдыру. Әзірге әлемде басқа тәсіл ойлап табылмады. Бүгінгі таңда еліміздің барлық медициналық ұйымында вакцинаның жеткілікті қоры бар. Биылғы жылдан бастап елге шамамен 7 млн доза жеткізілді. Жалпы 4,6 млн адамға екпе жасалды. Оның ішінде бірінші компонентті 2,8 млн адам алса, бұл халықтың 28% құрайды. Екінші компонентпен 1,7 млн адам қамтылды.
Ел Премьер-Министрінің орынбасары коронавирустың үнді штамына байланысты локдаун жариялау мәселесі қарастырылып жатпағанын мәлімдеді. Тек инфекцияның таралуына тосқауыл болар алдын алу шаралары күшейтілетінін жеткізді.
Авторы: Ақзер Сегізбай