Маймыл шешегінің таралуына байланысты Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының Төтенше жағдай комитеті тағы да жиын өткізбек. Отырыс барысында ауру жайылып бара жатқан елдер үшін тиісті медициналық ұсыныстар әзірленеді. Бүгінде инфекция жұқтыру жағдайлары 63 мемлекетте анықталған.
Таяуда маймыл шешегіне шалдығу оқиғасы Ресейде тіркелді. Инфекция Еуропадан оралған жігіттің бойынан анықталды. Бүгінде дүниежүзінде маймыл шешегін жұқтырған 9200-ден аса науқас тіркелді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы инфекциямен күрес бағытында жан-жақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.