4 адамның өмірін құтқарған донор арнайы марапатқа ие болды

4 адамның өмірін құтқарған донор арнайы марапатқа ие болды

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дене мүшелерінің доноры болған Максим Войнюштың отбасына «Денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы марапат табыстады. Жол апатына ұшыраған 18 жастағы бозбаланың жанұясы дене мүшелерін трансплантациялауға келісім беріп, бірден 4 адамның өмірін құтқарып қалған. Олардың барлығы донорлық тізімде тұрған адамдар. Барлық 4 трансплантация сәтті өтті. Бозбала Максимнің туыстарының арқасында Алматы, Шымкент, Түркістан облыстары мен Астана тұрғындарының өмірі сақталып қалды. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Біз сіздерге үлкен алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бұл, расымен, мейірбандықтың, қайырымдылықтың бір көрінісі. Менің ойымша Максимнің бір емес 4 бөлігі ары қарай да аман-сау елімізде өмір сүреді. 

Айдар Сейтқазинов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры:

– Жүрек тоқтағанда, қан айналымы бірден нашарлайды. Сондықтан, 6-8 сағат аралығында ғана уақыт беріледі. Кейбір кезде 1 күн берілуі мүмкін. Бірақ, біз уақыт соза берсек, кейін ағза мүшені қабылдамай қоюы мүмкін. Қайтыс болғаннан кейін донор болатындар көп емес. Мәселен, адам дүниеден өткеннен кейін, оның қан тобы да сәйкес келуі тиіс. Сондықтан, барлығына бірдей жарай бермейді. Әсіресе, 2-ші, 3-ші және 4-ші қан топтары. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда осындай өмірден өтіп донор болған 5 жағдай тіркелген. Бүгінде донорлық орган алуға кезекте 4 мың қазақстандық тұр.