Елімізде «Халық санағы-2021» шарасы аясында интервьюерлермен үй-үйді аралау басталды. Қазіргі уақытта санақ персоналына республика бойынша 23 мың адам жұмысқа алынған. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмысқа арнайы алынған интервьюерлердің жасы 18-ден асқан және COVID-19 індетіне қарсы вакциналаудан өткен.
Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Онлайн санақтан 6 млн 429 мың адам яғни халықтың 33,8% өтті. Атап өтерлігі респонденттердің 86% астамы смартфон арқылы санақтан өткен. Санақтан онлайн режимінде өткендер бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірдің 865 мың тұрғыны өткені туралы хабарлама алды. Алматы облысы бойынша 705 мың адам тіркелген, көшбасшылар үштігін Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Онда халық санағын 612 мың адам өткен. Халықты толық қамту мақсатында жаппай аралау кезеңі басталды. Бұл 30 қазанға дейін жалғасады.
Сондай-ақ интервьюерлер онлайн санақтан өткен азаматтардың үйлеріне де барады. Бұл жағдайда санақтан өткен адам арнайы келген хабарламаны көрсетсе, санақшы басқа мекенжай бойынша өз жұмысын әрі қарай жалғастырады.
Айта кетейік, үй-үйді жаппай аралау кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әкімшілік полиция комитеті интервьюерлермен бірлесіп қызмет етеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай