Қытайда шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталды. «Чуньцзе» деп аталатын көктем мерекесі аспан асты елінің басты думанының бірі. Жаңа жыл түні Қытай медиакорпорациясының Гала-концерті өтті. Ауқымды шоуда елдің үздік сахна саңлақтары театрландырылған қойылымдар ұсынды. Комедиялық және цирк жанрларында акробатикалық нөмірлер мен ұлттық жауынгерлік өнердің көрсетілімдері сынды түрлі шараларды қамтыған жарқын бағдарлама құрылған. Сондай-ақ, қытайлық көрермендерге Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің де өнерін тамашалау мүмкіндігі туды. Трансляция Бейжіңдегі басты алаңнан және қосымша 4 сахналық орындардан тікелей эфирде жүргізілді. Биыл ұйымдастырушылар дәстүрлі өнер мен заманауи технологияны біріктірді. Мәселен, роботтар әртістерге ілесіп халық биін мың бұрала орындап берді.
Аспан асты елі медиакорпорациясының Гала-концерті биыл көрермендердің рекордтық санын жиғанын айта кетке жөн. Алдын ала мәліметтер бойынша, оны 2 млрд 817 млн адам тамашалаған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

