Қытай қазақтың ұлттық өнімдерін әлемдік нарыққа шығармақ

Қытай қазақтың ұлттық өнімдерін әлемдік нарыққа шығармақ

Қытайлық инвесторлар қазақтың ұлттық өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға ниетті. Мәселен, Түркістанда орналасқан мына бір зауыт қос тараптың бірлескен бастамасы. Жобалық құны - 7 млрд теңге. Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын түйе сүтін өңдеу арқылы құрғақ ұнтақ шығарады. Қазір мұнда Ойсыл қара төлі сүтінің 15 мың тоннасы өңделеді. Ал, толық күшіне енсе, бұл шикізаттың 100 тоннасын қабылдауға қауқарлы. Дайын өнімді әзірге Қытайға экспорттап жатыр. Болашақта Ресей мен Еуропа елдеріне сатуды жоспарлап отыр. Ірі өңдеу кешені толықтай соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Хы Жы Чиян, өндірістік цех басшысы:

- Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы өңдеу цехына жеткізіледі. Осы жерде құрамы мен майлылығы тексеріліп, сүзгіден өтеді. Арнайы қондырғымен тазаланып, залалсыздандырылады. Ең соңында біз таза сүтті келесі өндірістік цехқа жіберіп, ұнтақ етіп шығаруға дайындаймыз. Барлығы цифрлы технологиямен басқарылады. Сүт өңделетін өндірістік цехқа арнайы киімдегі технологтардан басқа, бөгде адам кіргізілмейді. Дайын өнімнің сапасы әлемдік стандартқа сай болуы үшін талап қатал.

Сондай-ақ, отандық компаниялар Қытай нарығына құрғақ бие сүтін тасымалдай алады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, осыған дейін осы өнімге байланысты біртұтас қытайлық стандарт болмағандықтан, экспорт жүргізу мүмкін болмады. Сол себепті, Қазақстан ресми ұсыныс білдіргенінің арқасында аспан асты елінде талаптарды жасап, бекітті. Өз кезегінде, олар келесі жылдан бастап жүзеге асырылады. Айта кетейік, бұл стандарттардың қабылдануы - қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өз экспорттық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге септігін тигізеді. Осы бірегей өнімді Қазақстан ішкі нарықта ғана сатпай, шетел нарықтарына да тасымалдайды.