Қазақстан-Сингапур қарым-қатынасы

Қазақстан-Сингапур қарым-қатынасы

Сингапурмен серіктестік Қазақстан үшін ЖІӨ-і жан басына шаққанда 133 мың долларға тең қала-мемлекет нарығына жол ашады. Сонымен қатар 600 млн-нан астам адам тұратын Оңтүстік – Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен қатынасты жандандырады. Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур сапарынан осындай өнімді нәтижелер күтілетінін айтады.

Бүгінде елімізде қаржы технологиялары нарығы қарқынды дамып келеді. Бұл Сингапур сияқты көшбасшы елдердің серіктестікке мүдделік танытуына лайық. Екі елдің цифрлық саладағы кооперациясы жаңа нарықтарды игеруге тиімді мүмкіндік болмақ.   

Олжас Жиенқұл, Investbank бас директоры: 

– Сингапур – венчурлық капитал саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі, яғни аймақтық орталық. Тиісінше, жергілікті венчурлік қорлар Қазақстандағы қарапайым мультипликаторлар бойынша қызықты мәмілелерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар өздері үшін жаңа инвестициялық салаларды аша алады. Қазақстандағы қаржы институттары болса, жаңа нарықтарға шығады әрі танымалдылыққа ие болады.   

Филип Йео, Accuron Technologies Limited басқарма төрағасы:

– Қазақстанның әлеуеті – озық идеяларды дамытатын білімді және озық ойлы жастар. Екіншіден, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел. Бүкіл Орталық Азиядағы 80-90 миллион адам – біз үшін үлкен нарық. Қазақстан мен Сингапур ынтымағының келешегі – ақпараттық технологиялар, инженерия, медицина ғылымы. Әрине Сингапур мен Бруней – ең кішкентай елдер, бірақ Сингапурдың экономикасы күшті. Сонымен қатар бізде визасыз және салықсыз режим бар.    

Айта кетейік, Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, қос тарап арасында өзара алыс-беріс 1,6 млрд долларға тең болды. Экспорт АҚШ валютасында 1,5 млрд-қа тең түсті. Ал Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 400 млн доллардан асады.