Осылайша, 15 наурыздан бастап аспан елінің азаматтарына Қазақстанда саяхаттау үшін әуе билеттері мен қонақүйлерді брондау бойынша қызметтер қолжетімді. Алайда, бұл тек біздің елімізге ғана қатысты емес. Рұқсат етілген туристік бағыттарға Непал, Бруней, Вьетнам, Моңғолия, Иран, Иордания, Танзания, Намибия, Өзбекстан сынды бірқатар мемлекет кірді. Қазақстанның сала мамандарының айтуынша, бұл миллиардтаған халқы бар алпауыт елден бізге туристік ағынның артуына сеп болады. Сәйкесінше, ел экономикасына тиімді.
Еске салайық, Қытай топтық саяхаттарды пандемия басталғалы тоқтатты. Оған дейін Қазақстанды қызықтауға жыл сайын аспан асты елінен жүз мыңға тарта турист келетін.
Ернур Кенжебеков, пресс-секретарь АО «НК «Kazakh tourism»:
- Біз бір жылдың ішінде қытайлық туристердің шамамен төрт есе өсетінін болжап отырмыз. Бұл ел экономикасына тиімді болмақ. Келген турист міндетті түрде қонақүйлерде тұрады, кәдесый сатып алады. Басқа қызметтерді пайдаланады. Яғни, бұл сала үшін үлкен мультипликативті әсерін тигізеді. Бізге келетін саяхатшылар ағыны неғұрлым көп болса, соғырлым сыртқы туризм де өркендейді. Мұның бәрі Қазақстанды туристер үшін тартымды етіп, елімізді демалыс орны ретінде таңдауына түрткі болады.