Қазақстанның әлеуметтік сала қызметкерлері халықаралық талаптарға сай болулары керек. 2025 жылға қарай елдегі мамандықтардың 70% кәсіби біліктілік талаптарымен қамтылуы тиіс. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі мәлім етті. Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, оған қажетті талаптарды құру үшін мамандардың кәсіби біліктілігін бағалауға дағдыланған 200-ге тарта арнайы сарапшы оқытылған. Өз ісінің хас шеберін дайындау жағы студенттік кезден басталуы керек. Сондықтан еліміздің жоғарғы оқу орындары осыған қатысты білім беру бағдарламаларын жасап жатыр. Бұл жұмыс берушінің талабына сай келетін білікті маман дайындауда өз септігін тигізбек. Бұл ең алдымен халық денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапты мамандарға қатысты болмақ. Ақмәди Сарбасов бүгінде біліктілікті танудың бірнеше жолы бар, тек әзірге бірыңғай стандарттар бойынша арнайы заңнаманың жоқтығын тілге тиек етті.
Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
- Бізге ұлттық кәсіби біліктілік жүйесін дамыту үшін алдағы екі жылдың ішінде оған негіз болатын мықты нормативтік база жасау міндеті тұр. Ең алдымен кәсіби біліктілік стандарттарымыз өзгелермен танылуы тиіс. Оларды жүзеге асыратын ұлттық орган құру керек. Олар осы бағыттағы мамандардың біліктілігін бағалауға қатысты жұмыстарды үйлестіретін болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов