Қазақстан Қытай-Еуропа-Қытай транзиттік дәлізінде екінші жол салуды жоспарлап отыр. Бұл ондағы көлік қатынасы мен өткізу қабілетін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша аспан асты елінен кәрі құрлық мемлекеттеріне жүк жылдамырақ жететін болады. Салалық ведомствоның осы бағытта алдағы жылдары жүзеге асыратын жобалары жайында арнайы баспасөз мәслихаты барысында көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов бөлісті. Оның айтуынша жуық арада Өзбекстан елімен шекарада Дарбаза-Мақтаарал бағытында жаңа темір жол желісі іске қосылады. Осылайша Сарыағаш өткізу бекетіне түскен жүктеме төмендемек. Қазір жүк тасымалының жиі қатынауынан онда кептелістер пайда болған. Есесіне жүк көлемі екі есе артып, оның жету уақыты бір жарым есеге азаяды.
Жәнібек Тайжанов, ҚР ИИДМ көлік комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл жоба Орталық Азия мен Еуропаның экспорттық ағынын өзіне қабылдауға мүмкіндік береді. Ең бастысы Қазақстанның халықаралық нарықтағы беделін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, Алматы станциясын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысына қатысты жобаны іске асыруды қолға алдық. Оны қолданысқа беру арқылы біз ең алдымен Алматы станциясы арқылы жүретін жүк тасымалының уақытын екі тәулікке дейін қысқартып, ондағы жүктемені 30 процентке азайта аламыз.
Еліміздің транзиттік тасымалының әлеуетін арттыру басым бағыттардың бірі екенін айта кеткен жөн. Жыл басынан бері Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік тасымал көлемі 800 мыңнан астам жиырма пұттық эквивалентті құрады. Жыл соңына дейін оны бір миллионға жеткізу жоспарланған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов