Қазақстанның астанасында күн сайын коронавирус жұқтырудың 200-ге дейін жағдайы тіркеледі. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының Бас санитар дәрігері мәлімдеді. Сархат Бейсенованың дерегінше, жыл басынан бері еліміздің бас шаһарында 38 мың адамның қатерлі індетке шалдыққаны анықталған. Соңғы үш аптада COVID-19-дың таралуы орта есеппен 10-нан 19% дейін төмендегені байқалады. Алайда бұл көрсеткіш тұрақталар емес. Күн сайын инфекцияның белсенді ошақтары тіркеліп жатыр. Эпидахуалдың бір қалыпқа келмеуінен қала бүгінгі таңда «қызыл» аймақта тұр.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қ. Бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Коронавирус жұқтырғандардың 47,3 % адам көп жиналатын орындарға бірнеше рет барғаны анықталды. Бұл – қоғамдық тамақтану орындары, базарлар мен сауда үйлері және орталықтары. Науқастардың 0,8% жаппай қоғамдық шараларға қатысқан. Ал 29,2% коронавирус инфекциясын үйде жақындарынан жұқтырған. Қоғамдық нысандарға «Ashyq» қосымшасын ендірген күннен бастап бүгінге дейін оқшаулану тәртібін бұзған 3140 адам анықталды.
«Қызыл» немесе «сары» статусы бар жүзге тарта адам халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға бір емес, бірнеше рет барған.
Еске салайық, елордада мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі «Ashyq» қосымшасын қолдану үшін QR-кодтар алып үлгерген. Тағы 40-қа жуық қоғамдық тамақтану орны осы жобаға жақын күндері қосылмақ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов