Алақан қышыса ақшаға жоритын қазақстандықтар жақын арада шын мәнінде алақан арқылы есеп айырысу мүмкіндігіне ие болмақ. Яғни, қазіргідей төлем картасы немесе QR арқылы емес. Ол үшін тек құр адам қолының ғана көмегі қажет. Отандық ІТ мамандар адам биометриясын танитын жоба ойлап тапты. Бірегей сәйкестендіргіш жүйеге төлем картасының нөмірін, жеке мәліметтер тіркеуге болады. Ең бастысы, бұл бүгінде ең тиімді, ыңғайлы әрі қауіпсіз әдіс саналады. Себебі ағзаға, тері астына ешбір чип енгізілмейді.
Жеңіс Ермұқанов, тілші:
– Мына кереметті қараңыз! Қолым арқылы дүкеннен сауда жасадым. Жалпы бұл біздің қазақстандық жас ғалымдардың өнертабысы. Бұл қалай мүмкін болды?
Бауыржан Батырбалинов, «Алақан» жобасының дизайнері:
– Бұл алақан тамырының суреті арқылы жасалатын биометрия. Еш жерде қайталанбайтын, яғни бір-біріне ұқсамайтын адам қолының тамырлары сканерленеді. Осылайша, сауда жасаған, есік ашқан немесе турникеттен өткен адам нақты кім екенін анықтап көрсетеді. Қазір біз банктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Төлем картасын жүйеге енгізуге болатын қосымша әзірледік. Сол арқылы есеп айырысу мүмкіндігі туады.
IT алақан, бағдарламалау мектебі, халықаралық емтихандарға дайындайтын дербес платформа, вертуалды шындыққа негізделген оқу технологиялары, интерактивті қосымшалар, жасанды интелект арқылы нақты ғылымдарды оқытатын тұғырнама. Бұның бәрі қазіргі оқу үрдісін жетілдіруге бағытталған заманауи отандық өнертабыс. 15 үздік қазақстандық стартап елордада өткен төртінші халықаралық білім беру технологиялар форумының аясында қанат жайған көрмеде ұсынылды.
Эльмира Обри, АХҚО үзіліссіз кәсіби дамыту бюросының басшысы:
– Келген қонақтар жобалардың бірін айналып өтпей, әрбір қатысушыға үлкен көңіл бөлгенін байқадық. Әлеуетті инвесторлар үшін арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Болашақ клиенттер және серіктестермен келіссөздер жүргізілді. Шетелдік қатысушыларменде тәжірибе алмасып, шеберлік бөлісті. Екі күннің ішінде форумға 2 мыңға тарта адам қатысты. Бүгінде шамамен мың адам келеді деп күтілуде. Негізінен шетелдік меймандар. Биыл 20-дан астам елдің өкілдері болды. Ол біздің мадераторлар, сарапшылар мен спикерлер.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов