Жаппай цифрландыру! Қазақстанда құрылыс саласында 6 жаңа электрондық жоба іске қосылады. Бұл бірден бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатылымдардың ашықтығы, құрылыс сапасы және саладағы жергілікті қамтуды арттыру мәселелері. Бұл туралы елордада цифрлық платформалардың таныстырылымы барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында құрылыс нысандарын тұрғызу «Е-Qurylys» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ол құрылыс барысын түгелдей құжаттаудан бастап, реестрлер мен техқадағалау есептеріне дейін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Бұл үрдіс қазірдің өзінде қолға алынды. Ал келесі жылы құрылыс процесі толықтай автоматтандырылады.
Алмаз Ыдырысов, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Ешқашан ешкім араласып, қандай да бір құжаттарды қолдан жасай алмайды. Бұған қоса, бұл әкімшілік шығындарды қысқартады. Портал құрылыс барысын қадағалап қана қоймай, сапалы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоспарлау процесінен бастап, пайдалануға тапсыруға дейінгі мәселелерді қамтитын «E-Qurylys», «Маркетплейс», «E-Shanyraq» жобалары іске қосылады.