Құрық порты халықаралық жүктерді ауыстырып тиеу көлемін 5 есеге арттырып, 4 млн тоннаға дейін жеткізуге дайын. Бұл туралы компания хабарлады. Қазіргі уақытта қазақстандық 2 ірі көмір және металл экспорттаушыларымен байланыс орнатылды. «Бұл тізім алдағы уақытта тек толыға түседі», дейді порт басшылығы.
Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
- Экспорттаушылар жаңа сауда нүктелері мен жаңа бағыттарды іздеуде. Осыған орай Үкіметтің Каспий теңізінде порттар құруға үлес қосуы өзектілігін арттыруда. Біз қазірдің өзінде қазақстандық экспорттаушылармен тығыз байланыстамыз. Олар үшін басты мәселе – өнімдерін нарыққа жеткізу. Порт жұмысының маңыздылығын жақсы түсінеміз.
Құрық паром кешені жылына 6 млн тонна жүк қабылдап, өткізе алады. 4 тоннасы теміржол вагонымен келсе, қалғаны жүк көлігімен тасымалданған. Бүгінге дейін порт 6 млн жүк қабылдап өткізген. Ендігі меже – су айлағының қуатын айтарлықтай өсіру.
Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
- Біздің бағалауымыз бойынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты биылғы жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп қана қоймайды. Құрық жұмыс істеген барлық уақытта кесіп өткен жолын тек бір жылда кесіп өтуі мүмкін. Сондай-ақ Құрық порты еуро жүк көліктерін тиеу үшін үлкен транзиттік хаб екенін түсінуіміз керек. Түркияның барлық логистикасы автокөліктерге негізделген, түріктер Орталық Азияға 50 мың көлік кіретінін алға тартады. Аталмыш өнімдерді осы бағытта жеткізудің қысқа және жылдам жолын ұсынамыз.
Айта кетейік, Құрық паром кешені Транскаспий халықаралық көлік бағыты тізбегінде жетекші орынға ие. Республикамыз астық, көмір, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштар мен химиялық заттарды экспорттайды. Қытайдан келетін жүктер Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы өтіп, Еуропа елдеріне жетеді.