2021 жылы еліміздегі ақылы автомобиль жолдарынан түскен қаражат көлемі 8 млрд 100 млн теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды. Атап айтқанда, төрт ақылы жол: «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» республикалық жол учаскелерінен 7 млрд теңгеге жуық қаражат түскен.
Сонымен қатар елімізде өткен жылдың күзінен тағы 7 ақылы учаске жұмыс істей бастады. «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шеккарасы», «Талдықорған – Қапшағай», «Көкшетау – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолдары бір айдан сәл астам уақыт ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс әкелді. Жиналған қаражат ақылы жолдарды күтіп ұстауға және бағдарламалық-аппараттық кешенін қолдауға бағытталды, деп хабарлайды министрлік.
Авторы: Гүлбану Тәжібек