Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам, Португалия, Армения, Чили және Жаңа Зеландияның елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Осылайша, бес мемлекеттің өкілі еліміздегі дипломатиялық миссияларын ресми түрде бастады. Қазақстан Президенті әр елмен қалыптасқан екіжақты қарым-қатынастардың өзара сенім мен мызғымас достыққа негізделгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын қуат көздері, жаңа технологиялар, мәдениет және туризм салаларындағы ықпалдастықты нығайту үшін әлеует жеткілікті. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың дамуы Португалия Президентінің Қазақстанға ресми сапарын ұйымдастыру үшін жақсы негіз болады.
Мемлекет басшысы Чилимен арадағы екіжақты ықпалдастықтың дамуына көңілі толатынын білдіріп, оны жаңа деңгейге көтеру перспективаларына назар аударды.
Эдуардо Эскобар Марин, Чилидің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстан мен Чили дипломатиялық байланыстың іргетасын 1993 жылы қалады. Келесі жылы берік қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Біз осы жылы саяси, сауда, экономикалық және мәдени ықпалдастықты нығайту үшін біраз күш жұмсадық. Біз сондай-ақ екі елдің арасындағы тауар айналымын арттыруға ниеттіміз.