Қазақстан-Ресей: өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті

Қазақстан-Ресей: өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті

Пандемия Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасқа тұсау сала алмады. Бүгінде екі елдің өзара тауар айналымы 3,5 есеге өсті. Бұл жөнінде қос мемлекет президенттерінің қатысуымен онлайн форматта өткен 17-ші өңіраралық ынтымақтастық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Айта кетейік, қазір елімізде 7 500-ден астам ресейлік кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 3 500-ге жуығы – бірлескен жоба. Жалпы осы форумның тарихында түрлі саланы қамтитын өзара тиімді келісімшарттарға қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге артып, 19 млрд долларға жетті. Ресейден тікелей инвестиция көлемі соңғы 15 жылдың ішінде 16 млрд доллардан асып жығылды. Өз кезегінде Ресейге құйылған қазақстандық инвестиция көлемі 4,5 млрд долларға жуықтады. Бұл айтарлықтай қомақты сома. Біз экономиканың барлық дерлік саласында, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, инфрақұрылымда өзара іс-қимылды жолға қойдық. Сондай-ақ кейінгі жылдары екі жақты энергетика саласындағы қарым-қатынаста өсім барын айтып өту керек.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлімдеді. Ресей Президенті Владимир Путин өз кезегінде қос мемлекет те өндіріске арқа сүйейтіндіктен, экология және атмосфера тазалығын сақтау мақсатында бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін тілге тиек етті. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының  Президенті:

- Егер де сіздер мұндай шешім қабылдайтын болсаңыздар, Ресей өз әріптестеріне, соның ішінде қазақстандық серіктестеріне АЭС салуға және пайдалануға жәрдемдесуге, қолдауға әрқашан дайын. Бұл ретте Ресей дизайніндегі АЭС жөнінде ғана емес, кешенді бір сала құруды айтып отырмын. Бұл ресейлік жоғары оқу орындарында атом энергетикасын пайдалануға қатысты жаңа мамандықтарды оқытуды қамтиды.

Жануарлар әлемі үшін шектеу де, шекара да жоқ. Сондықтан тараптар форумның аясында қоршаған ортаның биоалуантүрлілігін сақтап, бірлесіп қорғау үшін ниетті екенін мәлімдеді. Мәселен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киіктердің маусымдық қозғалысына шекара қызметтері шектеу болмай, еркін өткізуді қамтамасыз ету керек деген ұсыныс айты. Сондай-ақ екі елдің де «Қызыл кітапқа» енген, жойылып бара жатқан Каспий итбалығын қорғау қамында теңізде мемлекеттік резерваттарды құруды алға тартты. Бұған қоса шекаралық ұлттық табиғи парктерді жетілдіріп, туризм саласында тығыз байланыс орнату шаралары келісілді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов