Шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл мейрам күнтізбеде 2018 жылы пайда болды.
Домбыра жайлы аңыз-әпсаналар көп. Олардың дені халық жадында сақтаулы. Бірақ аспаптың неше жыл бұрын пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Домбыраның күмбірлеген үні алғаш қашан шыққаны әлі де жұмбақ. Аспаптың қайда пайда болғаны да беймәлім.
Кей деректер домбыраның 2000 жылдық тарихы бар десе, өзгелерінде одан да көп деп көрсетілген. Ғалымдар көне Хорезм аумағында жасалған қазба жұмыстарының нәтижелеріне сүйеніп отыр. Онда шертпелі музыкалық аспапта ойнап тұрған музыканттардың балшық мүсіншелері табылған. Археологтардың айтуынша, бұл аспаптар қазақтың домбырасына ұқсап тұр.
Отандық ғалымдар да Алматы облысының аумағында бірегей артефакт тауыпты. Бұл жайлы отыз жылдан астам уақыт бұрын айтылған. Майтөбе үстіртінде профессор Әкітаев, этнограф Жағда Бабалықұлымен бірге тасқа қашалған суретті тапқан. Онда домбыраға ұқсас аспапты шертіп отырған адам мен төрт биші бейнеленген. Атақты археолог Кемел Ақышевтің қорытындысы бойынша, сурет неолит дәуірінде салынған. Яғни домбыра прототипінің төрт мың жылдан астам тарихы бар.