«Қыз қуу». Көшпенділер мәдениетін, атқа міну өнерін, қазақтың ұлттық ойынын насихаттайтын жоғары деңгейде ұйымдастырылған еш жерде баламасы жоқ күрделі қойылым. Қазақстандық каскадерлер мен француздар бірлесіп әзірлеген шоу Түркістандағы «Керуен-сарай» кешеніне келушілер назарына ұсынылуда. Бұл – жай шоу емес, ол бір жарым сағаттық күрделі қойылым. Көрермен атқа мінген каскадерлердің өнерін, қуыршақтар думанын және жарық шоуын тамашалай алады.
Спектакльдің басты партиясы француз қызы Одри Хубесеге бұйырған. Жоғары ат үйрету мектебінің маманы бұл рөлге бекер таңдалмаған. 2,5 жасынан атқа мінген бұрымды көшпенділер мәдениетіне ғашық екенін айтады.
Одри Хубесе, каскадер /Франция/:
– Біз Қазақстанға бірінші рет 26 ақпанда келдік. Сол аралықта қазақстандық каскадерлер мен біздің мамандар бірлесіп, командалық жұмыстың арқасында 1 айдың ішінде шоуды оп-оңай дайындап шықтық. Мен аттармен алғаш рет жұмыс істей бастағанымда 2,5 жаста болдым. Содан бері бұл іспен айналысып келемін. Қазақстанға келердің алдында «Қыз қуу» туралы өте көп оқып, іздендім. Бірақ ағылшын және француз тілдерінде өте аз ақпарат таптым. Осында келіп, қазақ тілді аудармашылар бізге елдің тарихы, салт-дәстүрі мен өзіндік ерекшеліктері туралы айтып, өз көмектерін көрсетті.
Одридің ат үстінде күрделі трюктерді орындай алатынына күмәнмен қарағандар болған екен. Алайда француз қызы шоуға арнайы дайындалған аттармен тез тіл табысып, трюктерді орындауда өз кәсібилігін көрсете алған. Көшпенділер мәдениетін насихаттауға мүмкіндік бұйырғанын және аттың құлағында ойнайтын қазақ жігіттерімен қатар өнер көрсетіп жүргенін Одри құрмет тұтады.
Авторы: Ақзер Сегізбай