Қазақстанда коронавирус инфекциясының қаупі сейілмей тұр. Эпидахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан 26 маусымнан бері «қызыл» аймақта тұр. Бұл түстік антимәртебе Түркістан өңірінен басқа аймақтарға бәріне қатысты. 3 тамыздағы жағдай бойынша инфекциялық 56%, ал реанимациялық төсек-орынның 44% бос емес. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Сала басшысы көпшілік жиналатын орындарда карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталғанын айтты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің деректеріне сәйкес, 10 шілдеден бері 16 663 ереже бұзушы анықталды. Оның ішінде 10 305 келуші «қызыл» мәртебемен, 6 358 адам «сары» мәртебемен көпшілік жиналатын орындарға кіргісі келген. Осылайша 16 мыңнан астам нысанда халықтың КВИ жұқтыруына жол берілмеді.
Мониторинг топтары Ashyq жобасын кәдеге асырып жүрген нысандарды тексеру барысында 642 заңбұзушылықты анықтаған. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин жағдайды қатаң бақылауда ұстап, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Өңір әкімдері мен Денсаулық сақтау министрлігі барлық ауруханандың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалар мен ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиялық нормалардың бұзылуын бақылау және анықтау бойынша жұмысын күшейтсін.
Мамандар қатерлі індеттің өршуін тоқтатудың бірден бір жолы ол халықты жаппай еку науқаны екенін тағы бір еске салады. Бүгінгі таңда вакциналауға жататын адамдардың 55,4% бірінші компонентін салғызды. Иммундаудың толық курсынан шамамен 40% өтті. Тағы 4 млн халықты вакцинамен қамту үшін қосымша 8 млн доза жеткізуге келісімдер жасалған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов