Қазақстанда Pfizer вакцинасын коммерциялық мақсатта жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Әзірге вирусқа қарсы америкалық препарат тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге ғана қолжетімді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде республикада эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы екі айда коронавирус жұқтырғандар саны 3,4 есеге азайған. Бір тәулікте 1,5 мыңға жуық инфекция расталуда. Бүгінде Қазақстан қауіптіліктің «жасыл» деңгейінде. Сонымен қатар министр ведомствоның Pfizer вакциналарының 4 миллионнан астам дозасын сатып алғанын, бұл шамамен 2 млн 115 мың адамды қамтитынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда індетке қарсы ревакцинациялау 22 қарашада басталып, екі кезеңде өтетінін жеткізген еді. Брифингте ол бірінші кезекте кімге екпе салатынын егжей-тегжейлі айтып берді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекеменің, жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері егілетін болады. Сондай-ақ ревакцинацияға белгіленген мерзімдерді ескермей, 60 жастан асқан адамдар, сонымен бірге өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа антиденелерге тесттің теріс нәтижесі бар адамдар жіберіледі. Ревакцинацияның екінші кезеңінде алғашқы вакцинацияны аяқтаған және 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцинация мерзімі жеткен азаматтар жатады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева