Қазақстан мен Сингапур өзара қарым-қатынас орнатқалы бері бірқатар салаларда жан-жақты тиімді әріптес болуда. Экономикадан бөлек, білім беру, энергетика, ақпараттық технологиялар, қаржы және мәдениет салалары да назардан тыс қалмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл әріптестік тек нығайып келеді. Олардың айтуынша, сингапурлық бизнес өкілдерінің елімізге қызығушылығы артуда. Ірі компаниялар Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті. Осылайша, Қазақстанда инвестициялық климатты жақсартуға көп көңіл бөлінеді деп ауыз толтырып айтуға болады.
Оның үстіне, Сингапур электронды коммерция, қаржылық технологиялар мен «ақылды қалалар» секілді аса қажет бағыттар бойынша құнды тәжірибесімен бөлісуге әзір. Қазақстанның да қала-мемлекетке ұсынар инвестициялық жобалары көп. Олар: энергетика, тау-кен өнеркәсібі кешені, ауыл шаруашылығы, логистика және инфрақұрылым. Қос құрлықты байланыстыратын еліміз «Азия жолбарысы» үшін стратегиялық маңызды әріптес болмақ.
Асмади Бин Ахмад, саясаттанушы, Gemx technologies PTE LTD негізін қалаушы:
– Мен экс-Президент Халима Якубтың былтыр Астанаға сапары кезінде ресми делегация мүшесі болғанмын. Қазақстанның болашаққа деген көзқарасын және мақсат-мұраттарын көрдім. Елдеріңіз қаржы технологиялары саласында өте қарқынды дамып, Орталық Азиядағы басты хабқа айналды. Бұл инвесторлар үшін өте қолайлы. Олар Қазақстанмен бірлесе жұмыс істей отыра, бүкіл Орталық Азия нарығына жол ашатынын түсінеді.
Инг Чи Кёнг, экономист, Crimsonlogic бас директоры:
– Мен Қазақстандағы Астана Халықаралық Қаржы Орталығы енді ашылғанда сол жерде болып, тарихи сәтке өз көзіммен куә болғанмын. Сол кезден бері Қазақстан экономика мен цифрландыруды көз ілеспес жылдамдықпен дамытты. Мен мұндай қарқынға таң қалдым. Мәселен, бұрын таксиді тек бір қосымша арқылы ғана шақырсақ, қазір ондай тұғырнамалар саны көп. Төлеу бойынша да айтар болсақ, қазір барлығы электронды форматқа ауысқан.