Қазақстанда көлікті техникалық тексеру операторларының жауапкершілігін дереу күшейту қажет. Үкімет отырысында елдің ішкі істер министрі осындай ұсыныс жасады. Марат Ахметжановтың сөзінше, арнайы мекемелерде темір тұлпарлардың талапқа сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізілмейді. Салдарынан қатынау қауіпсіздігі төмендеп, жол апаттары арта түскен. Соңғы 4 жылда техникалық регламент талаптарына сай келмеген жүз мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылған. Шын мәнінде бұл санды еселеуге болады дейді, министр.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
Техникалық тексеру орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендетілді. 2016 жылы оларды ашу тәртібі лицензиялаудан хабарлама түріне өзгерді. 2018 жылы бұл қызметке рұқсат беру бақылауы жойылды. Бұл жағдай көлікті техникалық байқаудан жалған өткізіп, талондар беру практикасына әкеп соқты. Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 350 мың жалған құжат жасап, 600 млн теңге заңсыз табыс тапқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады.