ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Шаруалардың егіс науқанына дайындығы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, өңірлердегі ахуал туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
Биыл 22,7 млн га жерге егін егу жоспарланған, бұл 2020 жылға қарағанда 186,6 мың га артық. Дәнді дақылдар мен дәнді бұршақты дақылдар 15,8 млн га (оның ішінде бидай – 12,1 млн га), майлы дақылдар – 3 млн га, мақта – 116,5 мың га, қант қызылшасы – 21,8 мың га, көкөніс және картоп – 489 мың га, жемшөп дақылдары 3,4 млн га жерге егіледі, деп хабарлады primeminister.kz.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 380 мың тонна дизель отынына қажеттілік анықталды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін оның орташа бағасы шамамен литріне 165 теңгені құрайды.
Елімізде 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы, 4,3 мың егіс кешені бар. 2021 жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 97% құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді. Түпкі қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесінің жылына 5% аспайды. Бөлінген қаражат 3 млн га егіс алқабын қамти отырып, 2 400 АӨК субъектісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Бюджеттік кредит берумен қатар, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың көлемі 24,5 млрд теңгеден 45,3 млрд теңгеге дейін артты.
«Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Былтыр пандемияға қарамастан егіс жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Агротехнологиялар дәл сақталып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақтылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді. Биылғы жылы Үкімет көктемгі егісті қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады», – деді А.Мамин.
Премьер-министр Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, республиканың оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді суармалы сумен, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада тұрақты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Өңірлердің әкімдеріне ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін тізбелер мен субсидиялар нормаларын бекіту жұмысын бір апта ішінде аяқтау, Энергетика министрлігіне бекітілген кесте мен бағалар бойынша егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алаңдарына жүргізіліп жатқан әртараптандыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударсын», – деді А. Мамин.