Жаппай ұлттық халық санағының толық қорытындысын 2023 жылдың 1-ші тоқсанында жариялау жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады. Спикердің айтуынша, республика бойынша халық санағын өткізуге арналған 3 500-ден астам арнайы пункт және 14 46 нөмірі бойынша арнайы call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеген. Республика бойынша 25 мыңға жуық азамат үй-үйді аралау процесіне арнайы тартылған. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының басшысы қазақстандықтардың онлайн санаққа қатысуы еуропалық көрсеткішке жақындағынын атап өтті.
Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Санақ ел тұрғындарының барлық санатын қамтыды. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5% өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы 57,5% адам санақпен қамтылды. Көріп отырғандарыңыздай, ел тұрғындары онлайн форматтағы халық санағынан өтуге белсене қатысты. Бюро алынған деректерді өңдеуге кірісті және алдын ала деректерді биылғы желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, санақтың қысқаша қорытындылары 2022 жылдың ортасына жоспарланған және 2023 жылдың 1-ші тоқсанында санақтың толық қорытындысын жариялаймыз деп отырмыз.
Авторы: Ақзер Сегізбай