Қазақстанда әркім маңызды. Осындай ұранмен елімізде өтетін биылғы халық санағының үрдісі автоматтандырылып, оған сандық технологиялар ендірілетін болады. Пандемия кезінде ешкімді назардан тыс қалдырмас үшін сауалнаманың парақтарын алғаш рет онлайн режимде толтыру мүмкіндігі жасалмақ.
Ол үшін алдағы қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz сайты жұмысын бастайды. Ал қазаннан бастап бір ай бойы дәстүрлі жалпы аралау болады. Сондай-ақ санақ кезінде 1446 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Бұған қоса, респонденттер кез келген сауалын қоюға немесе кеңес алу үшін Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсына, басшысының блогына және әлеуметтік желілер арқылы жүгіне алады. «Бұл жаңашылдықтар санақ кезінде жиналған мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ақпараттың нақтылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Әсем Алданғарқызы, ҚР Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:
- Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады. Сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтатуға және оны кейін толтыруды қайта жалғастыруға мүмкіндігі болады. Сонымен қатар egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады. Ол арқылы электрондық цифрлы қолтаңбаны қолданып, санаққа қатысуға болады. Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады.
Биылғы ұлттық санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Мәселен, 2009 жылы барлығы 73 сауал қойылса, қазір олардың саны 87-ге жетті. Сондай-ақ бұл жолы БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов