Қазіргі Қазақстанның жерін ең алғаш рет адамдар миллион жыл бұрын мекен еткен. Бұған дейін бұл дерек 510 мың жыл бұрын деп келтірілген болатын. Өткенді зерделеп, тарихты түгендеп жүрген отандық ғалымдардың осы текті соңғы тың жаңалықтарымен толықтырылған «Қазақстан археологиясы» атты ғылыми басылым жарық көрді. Іргелі еңбекте палеолиттен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейінгі кезең кеңінен қамтылған. Жекелеген ескерткіштердің отандық тарихнамадағы маңызы көрсетілген. 6 тараудан тұратын 630 беттік кітапта әрбір көненің көзі заттай мәдениет негізінде жан-жақты талданған. Жергілікті қазба жұмыстары Еуразия археологиясының құрамдас бір бөлігі ретінде сипатталған. Сондықтан шетел ғалымдарына да аса қызық болатын басылым ағылшын тілінде шықты. Авторлары халықаралық деңгейдегі сала майталмандары – Карл Байпақов пен Жәкен Таймағамбетов.
Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- 2007 жылы ең бірінші рет орыс тілінде, одан кейін 2009 жылы қазақ тілінде басылды. Қазір толықтырылып, ағылшын тілінде жарыққа шығып отыр. Шетелде көп боламын, олар Қазақстан археологиясына қызығушылықпен қарайды. Олардың айтуынша, толығырақ мәліметті таба алмайтын көрінеді. Өйткені еңбектер тек орыс немесе қазақ тілінде жазылған. Сондықтан тәуелсіздіктің қарсаңында осындай кітап жазылып, жарық көріп отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов