Ол 2022 жылы республикаға келген туристердің көрсеткіші негізінде жасалған. Осылайша, Іле-Алатауы ұлттық табиғи саябағы шетелдік, бұған қоса отандық саяхатшылар арасында ең танымал орынға айналған. 2022 жылы мұнда 628 мың турист келіпті. Екінші орында «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай ұлттық саябағы келеді. Отандық туризмнің бойтұмарына айналған ұлттық саябаққа 550 мыңнан астам адам қыдырып келіп, Көкшенің көз тоймас көрікті жерлерін аралаған. Үшінші орында Іле Алатауының асыл жауһарындай- Көлсай көлдері. Мұнда келген туристердің саны 190 мыңнан асып жығылады. Ал, 85 мың адамды қабылдаған Баянауыл табиғаты және ұсынылатын қызметі бойынша төртінші орынға жайғасты. Үздік бестікті Шарын шатқалы қорытындылады. Шалғай жатқанына қарамастан Шарын шатқалы туристер көруге құмартатын еліміздегі экзотикалық жерлердің бірі. Былтыр бұл алқапты 45 мыңнан астам адам аралаған.