Заманауи әшекейдегі ұлттық ою-өрнектер. Қарағандылық Георгий Мариниченко этностильде бірегей зергерлік бұйымдар жасайды. Шебердің негізгі мамандығы – құрылысшы. Алғашында әуесқойлықтан басталған зергерлік бүгінде оның өмірлік ісіне айналды. Әшекей жасаумен айналысқанына 13 жыл болыпты. Оның қолынан шыққан бұйымдарда қазақ халқының өрнек салу дәстүрлері, ұлттық фольклор үлгілерін көруге болады.
Георгий Мариниченко, зергер:
- Ұлттық нақышта әшекей жасауды осыдан үш жыл бұрын қолға алдым. Сырға, сақина жасадым. Мен өзімнің туындыларымда қазақ халқының тұрмысын, әдет-ғұрыптарын көрсетуге тырысамын. Қазақ халқы – туғанымдай. Осында туып-өстім, сол себепті Ұлы даланың рухын, салт-дәстүрлерін терең түсінгім келеді.
Идеядан бастап, оны жүзеге асыруға дейін Георгий бір ай уақытын жұмсайды. Өз жұмыстарында тек табиғи және жергілікті материалдарды пайдаланады. Ол үшін ел аймақтарын аралаудан ерінбейді.
Георгий Мариниченко, зергер:
- Қарағашты қолданамын. Өйткені бұл – асыл ағаш. Ол қазақ халқының тарихында қасиетті саналады және Қазақстанда ғана өседі. Сонымен бірге сиыр сүйегін де материал ретінде қолданамын. Қазақ халқының ұлттық қолөнерінде сүйек, мүйіз, ағаш, тас, металл, былғары кеңінен пайдаланылады. Тіпті тасты да жергілікті жерден іздеймін.
Зергердің бірегей туындыларын қазақстандықтардан бөлек шетелден іздеп, сұрататындар жеткілікті. АҚШ, Франция, Оңтүстік Африка, Ұлыбритания елдерінің арулары Георгий Мариниченконың қолынан шыққан әшекейлерді тағып жүр. Зергер келешекте Ұлы дала көшпенділерінің көне мәдениетінен сыр шертетін жаңа сипаттағы бұйымдар жасауды жоспарлап жүр.
Авторы: Данагүл Біләлова