Кувейттік саяхатшы-блогер оларға елдің көрікті жерлері туралы өз ана тілінде ақпарат берілсе қызығушылық одан бетер арта түсетініне сенімді. Сондықтан арнайы қосымша жасауға бел буған. Бұл ниетін жергілікті мамандар құп көріп, барынша көмек жасауға әзір. Халид Әльмутари бұған дейін еліміздің қалалары мен тарихи-мәдени ескерткіштері және табиғи қорықтар жайында танымдық кітап жазған. Қазақстан жылдам дамып келетін елдердің бірі болғандықтан, енді заман ағымына сай жаңарып тұратын сандық үлгідегі жаңа ақпарат көзін жасаған жөн деп тапқан. «KazGo - Қазақстан арабтардың көзімен» атты тұғырнама – шетелдіктердің республика аумағындағы саяхатын тиімді етуге бағытталған. Мобильді қосымша тек арабша ғана емес басқада әлем тілдерінде қолжетімді болмақ.
Халид Әлмутаири, тревел-блогер /Кувейт/
- Кең байтақ Қазақстанның көруге тұрарлық керемет жерлері көп. Шетелдіктер, әсіресе араб тілді азаматтардың бұндай жұмақ мекен жайлы біліп, Алматы мен Астана шаһарлармен танысқанын қалаймын. Мен Қазақстанға алғаш рет 2019 жылы аяқ бастым. Алайда оған дейін елдің көрікті жерлері мен тарихи ескерткіштері жайында естігенім болмаса хабарым аз еді. Көрнекі ақпарат табу қиын екенін сол кезде түсіндім. Сол уақыттан бері араб елдері азаматтарына арнайы қосымша жасауға кірістім. Бұндай кереметті көрмеске болмайды. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Мені Ұлы даланы тамашалау бақыты бұйырған адамдар ғана жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Мемлекет тарапынанда араб елдерінен туристерді тартуға арналған кешенді шаралар қолға алынған.
Айдана Жезмұрзина, ҚР МСМ инвестициялар тарту және дамыту басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстанға араб елдерінен туристерді тартуға бағытталған арнайы жоспар бар. Мәселен, биыл қаңтар айынан бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында тікелей рейстер саны артты. Бұған қоса өңірдегі халықаралық көрмелерге белсенді қатысып, ақпараттық турлар аясында елге шетелдіктердің қызығушылығын арттыру қамында шаралар жүргіземіз. Осы ай соңында Эр-Рияд пен Дохада қазақстандық туроператорлар мен жергілікті сала мамандарының қатысуымен B2B-кездесулер өтеді.
Халықаралық Zawya бизнес-басылымы араб елдерінің туристері тарапынан Қазақстандық бағытта қызығушылық пен сұраныстың айтарлықтай өскенін жазған. Басылым бұл оң үрдісті жақында Дубайда өткен Arabian Travel Market халықаралық көрмесінде отандық туристік компаниялардың елдің әлеуетін таныстырып бірқатар келісімшартқа қол жеткізуімен байланыстырады. Бұған қоса шара аясында Қазақстан Таяу Шығыс саяхатшылар үшін ең тартымды бағыт ретінде марапатқа ие болды.