Әлдеқашан әлемді мойындатқан қазақстандық өнер әлі күнге дейін жаһан назарын өзіне еріксіз аудартады. Көпті еліктіретін бірегей техникалық мәнер ғана емес, кесікіндеме арқылы кеңге жететін әлемге деген ерекше көзқарас. Отандық қылқалам шеберлері осы қасиетімен өзгеден оқ бойы озып тұрады. Бұған дүниежүзіне тарап кеткен сан түрлі еңбектер дәлел. Көбі талғампаз жекке коллекционерлердің қолында. Біршамасы беделді әлемдік мұражайлар қорларында сақтаулы. Сұранысқа ие қазақ суретшілерінің бірі – Марат Бекеев. Оның бір еңбегі Лондандағы танымал Christie’s аукционында сатылған.
Марат Бекеев, суретші:
– Ол «Қиын кезең» деп аталатын картина. Көлемі тоқсан да бір метр болатын аса үлкен емес еңбек. Жаңылмасам, оны 2007 жылы салдым. Бұл өте қызықты идея болды. Өзімді бойлаған мазасыздық пен алаңдаушылықты білдіргім келді. Онда қар үстіндегі құстар мен құлаған ағаштар бейнеленген. Менің шығармашылығымда бұл тақырып жиі қозғалады. Әр кезде жан дүниемнің күйіне байланысты жаңа көзқараста жасалады. Мен дәл сол еңбекті қазір қайта салып, өзге қырынан таныта аламын.
Көркем өнер иесі Қазақстанда кәсіби тәжірибесі мол суретшілер қатары көп екенін айтады. Әрбірінің өзінің қайталанбас қолтаңбасы мен мәнері, айтар ойы бар дейді. Дегенмен көпшілігінің арнайы кәсіби білімі жоқ. Ол дарыннан бұрын қажырлы еңбектің жемісі, дейді бейнелеу өнерінің хас шебері. Оның сөзінше, қазір аға буынның ізін басып, істерін лайықты жалғап жүрген білікті жас суретшілер артып келеді. Бастысы тәжірибесін жетілдіріп тұру керек деген кеңес береді.
Марат Бекеев, суретші:
– Қазір көптеген жас суретшілер шығып жатыр. Аяқ алыстары жаман емес. Жұмыстары көңіл көншітеді. Ең бастысы шеберлік шыңдаудан шаршамау керек. Суретші жан-жақты болған дұрыс. Көркемөнер жасаймын деген талпыныстары, мақсатқа жету үшін қажетті қасиеттері бар екені байқалады. Ол аздық етеді. Шабыт беріп, алға жетелейтін нәрсені табу қажет. Сондықтан бұған дейін жасағаныңнан асып түсетін еңбек әкелуге талпыну қажет. Қазір заман сондай, бір орында тұруға болмайды. Үнемі жүгіріс, үзбей ізденіс үстінде болған абзал. Кез-келген мамандықта сияқты қажырлы еңбек ету керек.
Бұл орайда айта кетерлік жайт, жақын арада Түркия және Әзербайжан елдерінде Марат Бекеевтің кезекті жеке көрмелері ұйымдастырылатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов