Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер
министрлері бас қосады. Кеңестің кезекті отырысы мамырдың 21-і күні өтпек. Шараға
Сыртқы саяси ведомство басшыларымен қатар, ұйымның бас хатшысы және өңірлік
терроризмге қарсы құрылымы, атқарушы комитеттің директоры қатысады деп
күтілуде. Жиында биыл Елордада өтетін ШЫҰ
мүше елдер Басшылары Кеңесінің отырысына дайындық барысын қарау жоспарлануда.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Делегация басшылары ұйым аясындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы халықаралық және өңірлік ахуал, қауіпсіздік және ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасады. Отырыста ұйымның алдағы саммитінің қорытынды құжаттарына қатысты бірқатар шешімдерге қол қою, сондай-ақ ақпараттық хабарлама қабылдау жоспарлануда.
Аспан асты еліне отандық өнімнің экспортын ұлғайту және агроөнеркәсіптік кешен бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Яғни, тараптардың ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту. Осы және өзге де өзара алыс-беріс әлеуеті осы аптада ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері орынбасарының Қазақстанға сапары кезінде талқыланады.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Сапардың негізгі мақсаты – үкіметаралық байланыстарды нығайту, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылау. Сапар аясында Қазақстан Үкіметінің басшылығымен және Қазақстанның бірқатар өңірлерінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.
Ал 17-18 мамырда Ыстамбұлда Түркі инвестициялық қорына басқарушы мүше елдер
Кеңесінің алғашқы инаугурациялық отырысы өтеді. Кездесу барысында қор жұмысы
ресми іске қосылып, құрылтайшы елдер арасында экономикалық байланыстарды
нығайту жолдары қаралады. Еске сала кетейік, қазақстандық тарап 2015 жылы
аталмыш қорды құруды ұсынған.